Астанада бір мезетте 15 мыңнан астам бала асық ойнайды

Астанада бір мезетте 15 мыңнан астам бала асық ойнайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Ұлттық спорт күніне» орай 17 наурыз күні Астана қаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени-спорттық іс-шара өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін іс-шара аясында «Алтын сақа» атты флэшмоб және ұлттық асық ойыны өткізіледі. Бағдарлама Цифрландыру жылы аясында жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылып, іс-шараны Айдар есімді жасанды интеллект жүргізеді.

Жекпе-жек сарайында өтетін мәдени-спорттық бағдарламаға 3 000 бала қатысады. Балалар арнайы қойылым арқылы сап түзеп, асықтың «Алшы» пішінін және «Алтын сақа» сөзін бейнелейді. Музыкалық сүйемелдеумен балалар түрлі би элементтерін орындап, флэшмобтың көркемдік мазмұнын аша түседі.

Флэшмоб аяқталғаннан кейін жасанды интеллект елордадағы барлық балабақша мен мектептерде «Асық ойынының» басталуын ресми түрде ашық деп жариялайды. Осы сәтте жасанды интеллектінің белгі беруі бойынша қаладағы мектептер мен балабақшаларда бір мезетте 15 мыңнан астам бала асық ойынын бастайды.

Осылайша, іс-шара аясында жалпы саны 18 мыңнан астам бала ұлттық асық ойынына қатысады.

«Мәдени-спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық асық ойынының ерекшелігін кеңінен насихаттау, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру және жас ұрпақтың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру», – делінген хабарламада.

Іс-шара сағат 11:00-де басталады.

Бұған дейін Астанада 200-ден астам түрлі бағыттағы іс-шара мен акция өтетінін жаздық.