Елорда жаңалықтары

Биыл «Сарыарқа» ауданы көшелері 99%-ға жарықтандырылды

Астанада алғаш құрылған аудандардың бірі «Сарыарқа» заманауи қаланың үрдісіне сай дамып келеді. Ауданда инфрақұрылымды дамытумен қатар, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға да көп мән беріліп отыр. Elordainfo.kz тілшісі «Сарыарқа» ауданында жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

«Сарыарқа» ауданында жыл басынан бері ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 66 аула аумағы жаңартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары болып отыр. Оның 43-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, ауданда 50 мың шаршы метрден астам аула аумағы абаттандырылды.

Күрделі жөндеу аясында балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық аймақтар, демалыс аумақтары ретке келтіріліп, қосымша жарық шамдары қойылды және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Сарыарқа» ауданы әкімшілігі әр ауланы ыңғайлы әрі жайлы етуде тұрғындармен алдын ала кеңесіп, өз кезегінде олардың бұл тұрғыдағы талап-тілектерін ескеруге тырысты. 

Сонымен қатар 257 ауланың аумағында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары сәтті аяқталып, әткеншектер, сырғанақтар және басқа да кіші архитектуралық нысандар ауыстырылды.

2024 жылы «Сарыарқа» ауданында 13 қоғамдық орын пайда болды. Оның ішінде екеуі жаңадан абаттандырылып, ал 11 аумаққа толықтай күрделі жөндеу жасалды.

Абаттандыру жұмыстары аясында көше жолдары мен жаяу жүргінші жолдары жаңартылып, заманауи ойын алаңдары мен жайлы демалыс аймақтары жасақталды. Тарихи орындарды жаңарту аясында Біржан сал және Гете көшелерінде абаттандыру сәтімен аяқталды. Оның ішінде 30 мың шаршы метрден астам тас төсемі ауыстырылып, 85-тен аса шойын шам бағаналары орнатылды. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған алаңдар мен жайлы демалыс аймақтары құрылды.

Ауданда ағаштар, бұталар мен сәндік өсімдіктерді отырғызу сынды кешенді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті суару жүйесі іске қосылды. Бұл өз кезегінде жасыл желектің көркін сақтап, олардың күтімін тұрақты түрде қамтамасыз етті.

Сондай-ақ «Сарыарқа» ауданында жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта аудан аумағы 99%-ға жарықтандырылған. Жақында аудан балансына К.Күмісбеков көшесінің және Ә.Жангелдин көшесінің жекелеген бөліктері қабылданып, аталған көшелердің жарықтандыруы қалпына келтірілді.

Жыл басынан бері бұрын жарықтандырылмаған көшелерде де жұмыстар жүргізілді. Бұлардың қатарында Ардагерлер, Е.Серкебаев, 12/1 көшелері, Сарыбұлақ өзенінің бойын айтуға болады.

Сонымен қатар 7 аула мен 3 қоғамдық орында сыртқы жарықтандыру желілері тартылды, Біржан сал мен Гёте көшелерінде 57 жаңа көше жарығы бағаналары және 27 саябақты жарықтандыру бағаналары орнатылды.

 

2024 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, биыл 16 көшеге орташа жөндеу және асфальттау жұмыстары жүргізілді.

2024 жылы тұрғын алаптарда 13 көше бойынша тротуарлық аймақтар, сондай-ақ 5 көшеде автотұрақ орындары абаттандырылды. Бұл жақын орналасқан көпқабатты үйлердің мәселесін шешіп, тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астананың «Алматы» ауданында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы жазған болатынбыз.