Елорда жаңалықтары

Ерлан Каналимов мәслихаттың II және III шақырылымдарының депутатын мерейтойымен құттықтады

Астана қаласы мәслихатының II және III сайланым депутаты, елордамыздың қаржы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан азамат Сайлаубек Байболов 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тәуелсіздік алған жылдары Сайлаубек Дүйсембекұлы алғашқы партиялық ұйымдарды құруға белсене атсалысып, мәслихат депутаты болып сайланып, Тексеру комиссиясын басқарды. Депутаттық қызметінде «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту үшін бар күш-жігерін жұмсады. Оның бастамалары мен табандылығының арқасында жолдар салынып, №49 орта мектеп ғимараты тұрғызылып, басқа да маңызды жобалар жүзеге асырылды.

2008 жылдан бастап Сайлаубек Байболов Алматы аудандық ардагерлер кеңесін басқарды.

«Ол өзінің мол тәжірибесін пайдалана отырып, елордадағы ардагерлер қозғалысының дамуына үлкен үлес қосты. Көпжылдық еңбегі көптеген марапаттармен атап өтілген, олардың ішінде ерекше орын алатын – «Құрмет» ордені.

Мерейтой иесіне бақыт, мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат және ұзақ ғұмыр тіледім. Еңбегі үшін ризашылық белгісі ретінде дәстүрге сай мерейтой иесіне шапан тарту етілді», - деді Е.Каналимов.

Айта кетейік, бұға дейін мәслихаттың I сайланым депутаты болған Балхия Сүлейменованың мерейтойы атап өтілген болатын.