Елорда жаңалықтары

Елордалықтар абаттандыру жұмысына өз жобаларын ұсына алады

22 қаңтардан бастап Астана қаласы «Сарайшық» ауданының әкімдігі «Халық қатысатын бюджет-2025» жобасына өтінімдер қабылдауды бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба аулаларды күрделі жөндеуден өткізу, гүлзарлар, саябақтар және басқа да қоғамдық кеңістіктерді құру бойынша азаматтардың бастамаларын қолдауға бағытталған.

Өтінімдер 1 наурызға дейін қабылданады. Осы уақыт ішінде қатысушылар абаттандыру жоспарын дайындап, нақты өзгерістер мен жобаның қажетті бюджетін көрсетуі тиіс.

«Дайын жобалар аудан әкімдігінің ресми сайтына (стористегі және өзекті бөліміндегі сілтеме арқылы өте аласыз), «Пайдалы сілтемелер» бөліміндегі «Халық қатысатын бюджет-2025» қосымшасына жүктеледі. Техникалық талдау мен тексеруден өткеннен кейін өтініштер келесі дауыс беру кезеңіне жіберіледі», - делінген хабарламада.

6 сәуір мен 24 сәуір аралығында дауыс беру өтеді. Ол үшін аудан аппаратының сайтында немесе Egov Mobile қосымшасында ЭЦҚ арқылы тіркеуден өту қажет.

Бір тұрғын тек бір жоба үшін дауыс бере алады. Жеңімпаздар үш санат бойынша анықталады:

- 40 пәтерге дейінгі аулалар;

- 100 пәтерге дейінгі аулалар;

- 100 пәтерден асатын аулалар.

Айта кетейік, бұған дейін «Сарыарқа» ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау басталған болатын.