Елорда жаңалықтары

Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты

Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес жасар балаға ота жасалған. Оның жағдайы тұрақты ауыр, бірақ өміріне төніп тұрған қауіп жоқ, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Лифтте жасөспірім пышақпен тап бергеннен кейін бала бетінен бірнеше жарақат алған.

Зардап шеккен бала №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылған.

«Бала тексерілді, ота жасалды, хирургтар қанды тоқтату үшін тамырларды байлады. Баланың жалпы жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалайды. Отадан кейінгі жағдайы тұрақты», - деп хабарлады елордалық басқарма.

Барлық қажетті медициналық көмек және мамандардың кеңесі балаға толық көлемде көрсетіледі. 

Бұған дейін Астанада жасөспірім кішкентай баланы пышақтап тастағанын жазған болатынбыз.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Жағдайға қатысты Астана қалалық Полиция департаменті мәлімдеме жасады. 

«Оқиға бойынша тергеу барысында психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақыртылды, олар тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңмен жауапқа тартылады. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шабуыл жасаған жасөспірім қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін белгіленген тәртіппен оқшауланатын болады», – делінген полиция хабарламасында.