Елорда жаңалықтары

БАҚ турнирінде бағы шапқандар марапатталды

Астанада Elorda Aqparat медиахолдингі Республика күніне, сондай-ақ «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына орай өткізген дәстүрлі бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды.


Биыл төртінші рет өткізіліп отырған бұл додаға елордадағы қаламгерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ойын өте қызу өтті. Бір-біріне есесін жібергісі келмеген тастаяқ шеберлерінің бірі сақаны көздесе, енді бірі шарды дәл ұпай ұясына бағыттап, шеберліктерін танытқан тартысты ойын өрбіді.

Одан кейін жарыс өтіп жатқан «Aramit Billiard» орталығында қатысушыларға түскі ас берілді. Дастарқан үстінде Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек көрнекті жазушы Төлен Әбдікке Міржақып Дулатов атындағы 150 мың теңгелік сыйлықты, ал Қойшығара Салғараға Ілияс Есенберлин атындағы сыйлықты табыстады.

Әрі «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы редакторларына және келген қонақтарға сөз беріліп, жылы естеліктер мен ізгі тілектер айтылды. Дастарқан батасын белгілі ғалым, тарихшы Тұрсын Жұртбай қайтарып, түстен кейін қатысушылар қайтадан ойын алаңына шықты.

Сөйтіп, үшінші орынды Талғат Ешенұлы мен Сәдібек Түгелұлы, екінші орынды Қайрат Сақ, ал бірінші орынды Наурызбек Сарша жеңіп алды.

Бұдан бөлек, «Алғашқы соққы», «Мәдениетті ойыншы», «Мерген ойыншы», «Шебер ойыншы» секілді арнайы номинациялар да табысталды.


Бұған дейін Астанада Elorda Aqparat медиахолдингі ұйымдастырған журналистер арасындағы бильярд турнирі басталғанын хабарлаған болатынбыз.

Шапағат Әбдір