Елорда жаңалықтары

Бүгін Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша сот үкімі шығады

Бүгін Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша сот үкімі сағат 15:00-де шығады, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Бұл туралы Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұған дейін прокурорлар Перизат Қайратқа қатысты мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды және 10 жылға қайырымдылық мақсатында ақша қаражатын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Ал оның анасы Ғайни Алашбаеваға да дәл осындай шектеулермен мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Айта кетейік, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқырды деп айыпталып отыр. 

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алған.  Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.