Елордада «Astana-Bangkok PR Exhibition» көрмесі басталды
Бүгін елордада Ұлттық академиялық кітапханада «Astana-Bangkok PR Exhibition» көрмесінің ашылу салтанатты өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев пен Таиланд Корольдігі Елшілігінің өкілдері қатысты. Көрме Астана қаласы әкімдігі мен әкімдіктің Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Таиланд Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай өтуде.
Бүгінгі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 260 млн доллардан асады. Оның ішінде негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы техникасы, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдері, автомобильдер, құрылыс техникасы және т.б.
Сонымен қатар, екі мемлекет туризм саласында өте белсенді түрде ынтымақтастық орнатуда. Оның барлығы тікелей рейстердің қайта жандануының арқасында болып отыр. Егер пандемияға дейінгі кезеңде туристер ағыны 50 мың адамды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш артып жатыр, - деді Ерлан Бекмурзаев көрменің ашылу салатанатында.
Астана қаласы әкімінің орынбасары сондай-ақ осы көрменің мән-маңызына да тоқталып өтті.
Осы іс-шараның арқасында екі ел азаматтары Таиланд пен Қазақстанның мәдениеті мен өмірін зерттеуге көбірек мүмкіндік алады. Бұл көрме елдеріміз арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін. Аталған көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін, - деді ол.
Көрме барысында Бангкок қаласынан екі ел Елшілігінің өкілдері мен Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов телекөпір арқылы тікелей байланысқа қосылды. Осылайша көрме салтанатты түрде ашылды.
Айта кетейік, 1992 жылы 6 шілдеде Таиланд пен Қазақстан ресми түрде өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан болатын. Осы жылдар бойы екі мемлекетте қауіпсіздік, сауда, туризм, мәдениет және білім салаларындағы ортақ мүдделерді назарға ала отырып, өзара тиімді ынтымақтастық қалыптасты, достық пен серіктестік рухы нығайды.
Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесіне айналды.Таиланд астанасы Бангкок пен Қазақстанның бас қаласы Астана, сондай-ақ Таиландтың әлемге әйгілі туристік орны Паттайя мен Қазақстанның үшінші ірі қаласы Шымкент «бауырлас қалалар» атанды.
Көрме 12 ақпанға дейін өтеді. Көрме қонақтары онда жұмбақ сырға толы, мыңдаған ғибадатханалар мен Таиланд турлары туралы мәліметтермен таныса алады.
Аяулым Серікқызы