Жаңа Құрылыс кодексіне сейсмикалық қауіпсіздік бөлімі енгізілетін болды
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Пленарлық отырысында мәлім болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өз баяндамасында Қазақстан сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарында екенін, сәйкесінше ел аумағының 45% астамы жойқын жер сілкініс қаупі бар аймақтарға жататынын айтты.
Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркүстан және Шығыс Қазақстан облыстарында сілкініс қаупі жоғары.
Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде осы мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі.
«Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді көздейді.
Сонымен қатар, қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеу, тәуекел карталарын жасау, ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттауды қамтиды.
Бұл жерде сейсмикалық микроаймақтарға бөлу ерекше маңызға ие. Оның карталары қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланылатын болады.
Сондықтан, жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу - стратегиялық маңызды қадам.
Ол халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға, салаға заманауи ғылыми-технологиялық негіз қалыптастыруға жағдай жасайды», - деді министр.