Премьер-министр өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылу беру маусымы қарсаңында тұрғын үй секторында алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы қажет.
Тұрғындарға негізгі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, оларды өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзбай, жауапкершілік танытуға шақыру керек.
Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірге профилактикалық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялау мәселесін пысықтасын.
Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігіне жылу беру маусымында өрт оқиғаларының алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіруді тапсырамын.
Әкімдіктер жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қатаң бақылауға алсын», - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, үйлестіру Қанат Бозымбаевқа жүктелді.