Олжас Бектенов: Жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс орындарын құру қажет
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Нақты табысты арттыру үшін экономиканы дамыту керек. Жаңа кәсіпорындар ашып, жаңа жұмыс орындар құру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бұл бағытта белсенді, кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Мен жоғарыда айтып өттім, биылдың өзінде 190 жаңа ірі кәсіпорын ашылады. Әрине оған жұмыс күші керек болады. Сондықтан азаматтарымыз жоғары айлығы бар жұмысқа орналасып, өзінің өмір сүру деңгейін көтере алады. Мемлекеттің міндеті – әрбір адамға мүмкіндік беру. Ал әлеуметтік көмек тек жұмыс істеуге қауқарсыз, өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдарға беріледі. Қазіргі уақытта enbek.kz еңбек биржасында 100 мыңнан астам бос жұмыс орны тұр. Кәсіпорын басшыларымен сөйлескенімде инженер, IT мамандарға тапшылық барын алға тартады. Шетелден әкелуге мәжбүр екенін айтады. Осы жағын ойлау керек. Жалпы елімізде жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылады», - деп атап өтті Олжас Бектенов.