Үкімет

Олжас Бектенов қазақстандық әйелдерді мерекемен құттықтады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Аяулы аналар! Құрметті арулар!

Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымызда «Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» деген даналық сөз бар. Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің бастау бұлағы, шексіз мейірімнің қайнары. Әр шаңырақтың ұйытқысы, жер бетіндегі жақсылық пен әдеміліктің асыл тәжі – әйелдер қауымы ұлағатты ұрпақ өсіріп қана қоймай, елге деген шынайы жанашырлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Білім беру мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, бизнес пен спорт, қоғамдық өмірдің және басқа да сан түрлі саласында жүрген аяулы жандардың еңбегі шексіз құрметке лайық.

Бұл орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, отбасы институтын нығайту, әйелдерді қолдау мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы болып қала бермек.

Баршаңызға мықты денсаулық, бақытты ғұмыр, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін. Көктемнің шуақты күніндей сәулелі сәттеріңіз көп болсын!» - делінген Премьер-министр құттықтауында.