Министр малды заңсыз сатқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды
Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Министрдің айтуынша, саланы цифрландыру аясында 2022 жылдан бастап мал есебін жүргізу процестері электрондық форматқа көшірілді. Ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйелерін біріктіретін платформа әзірленуде. Ауыл шаруашылығы жануарларының бүкіл өңірлік циклін автоматтандыру қосымша сервистер арқылы жүргізіліп жатыр.
«Әрбір жануарға нөмір беріледі. Деректер мен ветеринарлық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервисті пайдалануда уақытын үнемдеп, қателіктерді болдырмайды», - деді ол.
Алайда министр аталған шаралар тек мал иелері тарапынан жануарларды толық тіркеу жағдайында ғана іске асатынын айтты.
«Осыған байланысты жануарларды тіркеуге бақылауды күшейту, сондай-ақ ветеринарлық құжатсыз өнім алмасатындарға арналған жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет», - деді министр.
Ветеринарияны одан әрі трансформациялау заңға қажет өзгерістер енгізу арқылы жүргізілуде. Атап айтқанда, саланы толық цифрландыру, тауарлар қозғалысы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту. Аудан әкімсдіктеріне ветеринария бойынша құзіреттіліктерін арттыру көзделеді.