Үкімет

Үкіметте Алматы тау шаңғысы кластерін дамыту мәселелері қаралды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Kazakh Invest Development Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Онда Президент Жолдауында қойылған Алматының тау шаңғысы кластерін дамыту жөніндегі міндеттер шеңберінде Almaty Superski туристік жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Kazakh Invest Development Ltd. бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев әлемдік танымал Pas Grau International (PGI) компаниясымен бірлесіп әзірленген Almaty Superski курортының жаңартылған кешенді жоспарын таныстырды.

Жоба тау шаңғысы жабдықтарын өндіруде заманауи технологияларды пайдалануды, климаттық және рельефтік жағдайларды талдау үшін спутниктік деректерді қолдануды және «жасыл» стандарттарды енгізуді көздейді. Жобаның негізіне бүкіл әлем бойынша 120-дан астам курорттарда қолданылатын үздік тәжірибелер алынған.

Жоан Виладомат құрылыс үшін таңдалған учаскенің мегаполис маңында орналасқаны үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Бұл туристердің тұрақты келуін қамтамасыз етеді және курорттың жұмысын алғашқы жылдардан-ақ өңірде жетекші орынға шығаруға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, мегаполисте дамыған инфрақұрылымының, яғни қонақ үйлер мен мейрамханалардың және көлік қатынастарының болуы тікелей курорт аумағында құрылыс салуды барынша азайтпақ.

Кешенді жоспарды дайындау кезінде экологиялық нормаларға ерекше назар аударылды. Құжат орнықты даму қағидаттарына және жыл бойғы экологиялық туризмді ұйымдастырудың заманауи тәсілдеріне сәйкес қазақстандық және халықаралық экологиялық стандарттарды ескере отырып әзірленген.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Алматының қысқы және экологиялық туризм орталығы ретіндегі халықаралық имиджі нығайып, қонақ үй бизнесіне, көлік және қызмет көрсету саласына, сондай-ақ, ШОБ-қа инвестициялар тартылмақ.

Олжас Бектенов нысанды салу кезіндегі экологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Жоба ұлттық және халықаралық заңнамаға сәйкес қоршаған ортаға барынша аз әсермен, өңірдің табиғи тепе-теңдігін сақтауға ұқыпты қарай отырып, қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысында Директорлар кеңесі кешенді жоспарды бекітті, енді ол техникалық-экономикалық негіздемені және жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға негіз болады.

Almaty Superski жобасы елімізде туризмді дамытудың драйвері ретінде қарастырылып отыр. Ол еліміздің тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, экономиканы әртараптандыру жөніндегі ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге үлес қоспақ.