Үкіметте AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі қаралды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Цифрлық штаб отырысын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Цифрлық штабтың шешімімен:
- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары бекітілді;
- жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді;
- Smart Data Ukimet бойынша мемлекеттік деректерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімдері анықталды. Жаңа хэштеу әдісін қолданатын интеграция биылғы 1 қыркүйегінде аяқталуы керек, ал барлық деректер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға берілуі керек;
- осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшуі.
Премьер-министр қабылданған құжаттарды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінгі таңда Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсартуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», — деді Олжас Бектенов.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары негізінде 224 ақпараттық құрамдас алаң құрылады. Бұл интеграция үшін еңбек шығындарын азайтуға, функционалдық және статистикалық айырмашылықтар тұрғысынан ақпараттық жүйелердің қайталану мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «электрондық үкімет» аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 355-тен астам ақпараттық жүйелері мен веб-ресурстары жұмыс істейді.
Жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу ережесі және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді. Құжат ЖИ технологияларын дамыту үшін деректер қорын қалыптастыру мәселесін қарастырады. Бұл ережелер ақпаратты жинау, тексеру және құрылымдаудың бірыңғай стандарттарын қарастырады.
Smart Data Ukimet платформасында мемлекеттік дербестендірілмеген деректерді топтау бойынша жұмыс шеңберінде Smart Data Ukimet-ке міндетті түрде көшіруге жататын деректер базаларының тізімі бекітілді.
Жиында AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі қаралды. Оның пилоттық жұмысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көрсетілді, енді аталған қызмет мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына енгізіледі.