Үкімет

Үкімет тыңайтқыштарды субсидиялауға 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлді

ҚР Үкіметінің резервінен тыңайтқыштарды (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау үшін 48,4 млрд теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қаулы Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 2 есеге ұлғайту және топыраққа минералды тыңайтқыштар енгізу деңгейін ғылыми негізделген қажеттіліктің 50%-ына дейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қабылданды. 

Құжат Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде қаражат аударуды көздейді. 

Бірінші кезекте, қаражаттың негізгі көлемі минералды тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігін іске асыруға бағытталған.

Өткен жылдың наурыз айында АӨК-ті қолдау шеңберінде тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілгені белгілі. Бұл ретте бюджеттік субсидиялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған тыңайтқыштарды жеткізу үшін отандық зауыттардың арнайы шоттарына алдын ала аударылады.

Қабылданған шаралар есебінен алғаш рет тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми негізделген қажеттіліктің 40%-ына жетті (2024 жылға дейін 21%-дан аспаған).

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кезінде Үкіметтің дер кезінде қаржылық қолдау көрсетуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тыңайтқыштармен уақтылы қамтамасыз етуге, жоғары әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.