Үкімет

Әкімдіктерге ұлттық саябақтарда туристік инфрақұрылым салу өкілеттігі беріледі

Туризм және спорт министрлігі облыс әкімдіктеріне елдімекендерден тыс, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салуға өкілеттік беруді ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заңнамаға қажетті түзетулер Парламентте қаралуда. Негізгі туристік орындарды дамыту үшін жеке бюджеттік бағдарлама әзірленіп, өңірлік туризм басқармаларын құру ұсынылып отыр.

«Мұндай қадам негізгі туристік дестинациялардың инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді. Туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленетін болады. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет», - дейді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.