Үкімет

Еліміздің энергетикалық жүйесінде қосымша 26 ГВт жаңа қуат көздерін қосу жоспарланып отыр

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Ол еліміздің энергетикалық жүйесі тиісті талаптарға сай және Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен үйлесімді қалыпта жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

Елімізде 237 электр стансасы бар болса, оның 79-ы дәстүрлі генерация көздері, қалғаны 158 жаңартылатын энергия көздерінен тұрады.

«Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келеді», — деді Ерлан Ақкенженов.

Министр 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көздерін қосу қарастырылып отырған «Энергетика саласын 2035 жылға дейінгі дамыту жоспары» аясындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатқанын айтты.

Жаңа қуаттарды іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғырту арқылы да және жаңа қуат өндіру қондырғыларын салу арқылы да жүзеге асырылады.