Өңдеу өнеркәсібін қолдау шараларының бірыңғай іс-шаралар пакеті әзірленеді
Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған отырыста Олжас Бектенов Президент өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беріп, осы бағытта жүйесіз жүргізіліп жатқан қолдау шараларын ретке келтіруді тапсырғанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір ай мерзімде бытыраңқы және қайталанатын тәсілдерді алып тастап, өңдеу өнеркәсібін қолдау шараларының бірыңғай жүйеленген іс-шаралар пакетін әзірлеуді тасырды.
«Арнайы экономикалық аймақтарға көп үміт артылғанына қарамастан, аталған құралдардың өңір өнеркәсібін дамытуға қосқан үлестері қойылған міндеттерге сәйкес келмейді.
Әкімшілендіру мен инвесторлар тартудың жаңа тәсілдері есебінен арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне екі ай мерзім ішінде арнайы экономикалық аймақтарды басқаруды жеке, соның ішінде шетелдік компанияларға беру мүмкіндігін қарастыра отырып, оларды басқару тәсілдерін өзгерту бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды.