Үкімет

Дәрігер мәртебесі полиция қызметкеріне теңестірілуі тиіс - Ермек Көшербаев

Дәрігерлерге күш көрсету – қызметтік міндеттерін атқарудағы полицейлерге қарсы жасалған қылмыспен пара-пар. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Вице-премьер медициналық қызметкерлерге күш көрсететін азаматтарға қатысты заңнамадағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді. 

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде дәрігерлер мен медбикелерге күш көрсету жағдайларында Президенттің тапсырмасына сәкес, депутаттық корпусен бірге қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды қарастыратын заңнамалық түзетулер әзірленді. Медициналық қызметкерлерге шабуыл жасау қызметтік міндеттерін атқарудағы полицейлерге жасалған шабуылмен бірдей бағалануға тиіс, - деді Ермек Көшербаев. 

Сондай-ақ БАҚ өкілдері Премьер-министрдің орынбасарына Асхат Аймағамбетовтың әлеуметтік желідегі жазбасын алға тарта отырып, депутаттар Үкіметке бірнеше рет дәрігерлерге күш көрсеткендер үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату туралы ұсынғанын, алайда Үкімет үш рет теріс қорытынды шығарғанын айтып, мұның мәнісін сұрады.

Ермек Көшербаев Премьер-министрдің орынбасары қызметіне келгелі мұндай ұсыныстар түспегенін, алайда осы сауалға қатысты бұдан бұрынғы құжаттарды анықтауды тапсырғанын айтты.

Еске салайық, Қостанайда уролог, хирург Антон Кистанов пациенттің шабуылынан зардап шеккен болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға заңды қатаңдатуды тапсырды

Дәрігерлер қауіпсіздігіне қатысты Үкімет дереу тапсырма берді.