Былтыр әрбір екінші неке ажырасумен аяқталды – Ерлан Сәрсембаев
Алимент бойынша борышкерлерге қатысты қолданылатын соңғы шара оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Бұл туралы Мәжілістегі Үкіметтік сағат барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 4 642 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша 745 іс тіркелді, сотқа 461 іс жіберілді, 391 борышкер сотталды.
«Алайда бұл шараларды қабылдау алимент төлемеу мәселесін толығымен шешпейді деп санаймыз. Балаларын асырауға құлықсыздық, алимент төлеуден жалтару отбасылық-некелік қатынастар дағдарысының салдары болып табылады. Өткен жылы 61 080 ажырасу тіркелсе, бұл неке қию санымен салыстырғанда (124 774) жартысына жуығын құрады. Сондықтан жекелеген мемлекеттік органдары отбасы институттарын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша кешенді жұмыс жүргізуі тиіс деп санаймыз», - деді Ерлан Сәрсембаев.
Оның айтуынша, істердің бұл санаты министрліктің ерекше бақылауында.