Үкімет

Қазақстанда саяхаттауға арналған TravelStan мобильдік қосымшасы іске қосылады

TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Мырзабосынов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектке негізделген көмекші.

Туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады. Аталған жоба Цифрлық даму министрлігімен алдын ала келісілді. Енді оны қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Әзірше, тез шешім ретінде туристерге арналған QR код жүйесі енгізіліп жатыр, - деді министр.

 

Оның сөзінше, кейде туристер келген бетте такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып қалып жатады.

Оның алдын алу үшін QR код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды СИМ-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды. Бұл QR кодтар еліміздің 4 қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған. Қазіргі таңда аэропорттар QR кодтарды орналастыру үшін қосымша қаражат сұрайды. Осыған орай тәжірибені кең тарату үшін тиісті әкімдіктер мен Көлік министрлігінің қолдауы қажет. QR кодты барлық әуежайларға, вокзалдар мен шекара өткелдеріне орналастыру керек, - деді Мырзабосынов.