Үкімет

Қазақстан Ауғанстандағы қазба байлықтарды зерттейтін комиссия құрады

Кабул қаласында өткен кездесуде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Кен өндіру және мұнай министрі Хедаятулла Бадри келісім жасасты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында тараптар өткен бір жыл ішінде өнеркәсіп саласындағы екіжақты қатынастардың айтарлықтай ілгерілеуіне ризашылықтарын білдірді. Серік Жұманғарин ауған тарапына Қазақстаннан жеткізілген геологтардың қатты пайдалы қазбалардың әлеуетті кен орындарын зерттеу бойынша далалық жұмыстарын ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Бүгінгі таңда Қазақстан геологиялық барлау, қатты пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласында тәжірибесі бар кәсіби тау-кен компаниялары пулын құрды. Бұл компаниялар әлеуетті кен орындарын іздеуге және инвестиция салуға мүдделі. Осы бағытты талқылау үшін қазақстандық делегация құрамында ERG Exploration, Kazakhmys Barlau және Қазатомөнеркәсіп компанияларының өкілдері келді», - деді Серік Жұманғарин.

Кездесу барысында ауған тарапы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және қазақстандық мамандардың зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар барлық туындаған мәселелерді жедел талқылау үшін бірлескен техникалық комиссия құруға уағдаласты.

Мамыр айының соңында Қазақстан тарапы Ауғанстанның басқа провинцияларындағы әлеуетті кен орындарын зерттеу үшін тағы бір мамандар тобын жібермек.

Сонымен қатар ауған тарапы қазақстандық тау-кен компанияларының сұранысы бойынша табиғи ресурстардың расталған қоры туралы мәліметтер беруге дайын екенін білдірді.