Үкімет

Қанат Бозымбаев Ақмола облысындағы 99 үйдің құрылысын жеделдетуді тапсырды

 Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап. 

Аймақ басшысы Марат Ахметжановпен бірге вице-премьер Бұланды ауданының Журавлевка, Иванковка және Вознесенка ауылдарында үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Бүгінгі таңда Журавлевка ауылында 42 үй, Иванковка ауылында 41 пәтерге арналған бір қабатты үйлер және Вознесенка ауылында 16 үй салынуда.

Әрбір жеке үйге 10 гектар жер учаскесі қоса беріледі. Барлық жаңа үйлерге қажетті коммуникациялар өткізілген. Қазіргі уақытта іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлер «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен салынуда.

Қанат Бозымбаев әкімдікке қалған 99 үйдің құрылысын жеделдетуді және қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.

Сонымен қатар, вице-премьер қысқа мерзімде орталықтандырылған сумен жабдықтау және жаңа үйлерге арналған жабдықтардың электр қуатының жеткіліксіздігі мәселелерін шешуді тапсырды. Тиісті тапсырмалар әкімдікке және өңірлік электр желісін тарату компаниясына берілді.