Үкімет

Алкогольді онлайн саудалауға тыйым салынады – Ішкі істер министрі

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Ішкі істер министрлігінде «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда қылмысқа әсер ететін негізгі факторлардың бірі - алкогольді пайдалану болып табылады. Жыл сайын адамдар мас күйінде 10 мыңға дейін қылмыс жасайды.

«Аталған қылмыстардың алдын алу үшін шараларды қабылдап жатырмыз. Мәселен, ішімдік ішу фактілерінің жолын кесу, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген адамдарды оқшаулау, есепте тұрғандарға алкоголь ішуге тыйым салу. Алайда кәсіпкерлер пайда үшін ішімдікті сатуда жас ерекшеліктері мен уақытша шектеулерді бұзып отыр. Кафелер мен барларда алкоголь сатылады. Онлайн жеткізу кеңінен қолданылады. Бұл ретте лицензиядан айыру шарасы тиімді емес. Өйткені оны келесі күні басқа адамдар оңай ала алады.

Сондықтан бұл мәселені отырыста қарап, бірқатар ұсыныстар енгіздік. Яғни, алкогольді бөлшек саудада сату тек қана арнайы дүкендерде (алкомаркеттерде) жүзеге асырылуын қадағалау; лицензиялар беруге қойылатын талаптарды қатаңдату, алкогольді онлайн саудалауға тыйым салу. Сонымен қатар, ойын-сауық орындарында алкогольді сату уақытын шектеу қажеттілігі туындады. Аталған объектілердің тұтынушылары мас күйінде 1 400-ден астам қылмыс жасап, оның ішінде 3 кісі өлтіру фактісі болған», - деді министр.