Ақтөбе облысының ауылдарында медициналық орталықтар ашылды
Үкімет азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz primeminister.kz- ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар Мұғалжар ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Ол Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражатқа және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес салынған.
Медициналық нысан амбулаториялық қызмет көрсетеді, зертханалық диагностика мен скринингтер жүргізеді. Жобаның жалпы құны – 300 млн теңге. Амбулатория тәулігіне 45 келушіге есептелген. Сондай-ақ өңірде бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қор қаражатына салынған Байғанин ауданының Ноғайты ауылында күніне 40 келушіге есептелген фельдшерлік-акушерлік пункт (құны – 190 млн теңге) және қуаты тәулігіне 25 келушіге арналған Ырғыз ауданының Жарма ауылындағы медициналық пункт (құны – 145 млн теңге) пайдалануға берілген болатын.
5 мыңға жуық адам тұратын Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын.
Жалпы Ақтөбе облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан ауылдық денсаулық сақтау саласында барлығы 11 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда үш нысан пайдалануға берілді, сегіз нысанның құрылысы жалғасуда.