Үкімет

2029 жылы Қазақстанның энергетика жүйесін профицитке шығарады – Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі 2029 жылға дейін еліміздің энергетика жүйесінде жаңадан 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік беретін 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрдің сөзінше, былтыр 770 МВт-тан аса жаңа қуат көзі іске қосылған. Оның 608 МВт-ы дәстүрлі, ал 163 МВт-ы – жаңартылатын энергия көздері.

Сонымен қатар ол Энергетика министрлігі 2029 жылға дейін жаңадан 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік беретін 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Мәселен, 2025 жылға белгіленген 621 МВт-тың 166-сы дәстүрлі энергия көзі, ал 9 нысан – ЖЭК.

2027 жылы қуаттылығы шамамен 1 500 МВт, оның ішінде 573 МВт-тық 13 ЖЭК объектісін іске қосу қарастырылып отыр. Ал 2028 жылы 2 мың МВт-тан аса қуаттылықты, оның ішінде 245 МВт 3 жаңартылатын энергетика нысанын пайдалануға беру көзделуде.

«Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтимыз деп күтіп отырмыз, энергетика жүйесін профицитке шығару жоспарлануда, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді», - деді Ерлан Ақкенженов.