Спорт

Жандос Қиянов: Париж Паралимпиадасына қатысқан біршама спортшыларға демалыс бердік

Парадзюдодан Астана қаласында екінші мәрте IBSA Judo Astana Grand Prix турнирі жалауын желбіретіп, әлемнің 15 елі J1 және J2 санаты бойынша 19 салмақта жүлде жиынтығын сарапқа салып жатыр. Осы орайда Париж Паралимпиадасында тарихи 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алуға өлшеусіз үлес қосқан Парадзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Жандос Қиянов Elordainfo.kz сайтына өз ойымен бөлісті.

- Гран-при бәсекесіне Қазақстаннан неше спортшы қатысып жатыр? Неге Париж Паралимпиадасының біршама қатысушылары жарыстан босатылды?

⁃ Астана төрінде 18 отандасымыз жүлдеге таласып жатыр. Көпшілігі үшін алғашқы ірі халықаралық жарыс десек болады. Оларға үлкен тәжірибе. Иә, Париж Паралимпиадасына қатысқан біршама спортшыларымызға демалыс бердік. Бірі тынығып, бірі жарақаттарын емдеп жатыр. Бұйырса, 2025 жылы қатарға қосылады. Ал кейбіреулері сынға түсіп, бүгін Альфия Тілекқабыл, Ғалымжан Смағұлұлы, Бауыржан Арыстанбеков жүлделі орынға ие болды.

- Жаңа салмақтардың қосылғанын ескерсек, бұл салмақтарда отандық спортшыларды табу қиынға соқпады ма? Мысалы, кей салмақтарда жерлестеріміз күреспейді екен?

⁃ Иә, Париж Паралимпиадасынан кейін, парадзюдода салмақтар өзгеріске ұшырады. Сондықтан спортшыларымыз салмақтарын түсіріп, көтеріп жүлдеге таласуда. Мысалы, J1 санаты бойынша 52 келідегі Альфия Тілекқабыл (бұған дейін 57 келі), 90 келідегі Ғалымжан Смағұлұлы, Бауыржан Арыстанбеков (бұған дейін 90 келі) салмақтарын түсірді. Бірақ бір ескерерлігі – әр салмақта бір ел 2 өкілін ғана қоса алады. Бұл кей салмақта бәсекелестікті арттырғанымен, кей салмақтарда мүлдем спортшымыз жоқ.

- Кейінгі екі Паралимпиада ойындарында керемет жетістіктерге жетіп, көптен күткен алтын медальді де алдыңыздар. Бұл көрсеткіштер елімізде парадзюдоға деген қызығушылықты арттыра алды ма?

⁃ 2016 жылы Рио Паралимпиадасынан кейін осы спортқа деген қызығушылық артты. Нәтижесінде Токио мен Париж Паралимпиадасында нәтижемізді жақсарта алдық. Жан-жақтан хабарласып, сұрайтындар бар. 20 өңірде жаппай айналыспаса да, 15 өңірімізде қолға алынған.

- IBSA Judo Astana Grand Prix бәсекесінің қандай ерекшелігі бар?

⁃ Біріншіден, бұл 2024 жылдағы соңғы ресми жарыс. Екіншіден, 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына ұпай үлестірілетін алғашқы дода. Сондықтан жерлестеріміз де қазірден бастап, ұпай жинауға кірісіп кетті. Қазір жүлделі орындарға ие болса, рейтингтері де жоғарылайды. Үшіншіден, әлемнің мықты деген елдері қатысып жатыр. Мысалы, Бразилия Париж Паралимпиадасында жалпы есепте топ жарса, Жапония мен Қазақстан ТОП-5-ке кірді. Ал бейтарап спортшы ретінде қатысып жатқан Ресей үшін бұл 3 жылдан кейінгі алғашқы халықаралық жарысы саналады.

Айта кетейк, парадзюдодан Астанада өтіп жатқан Grand Prix бәсекесінің алғашқы жарыс күнінде 9 салмақта жүлде үлестірілді. Қазіргі сәтте бейтарап спортшылар 4 алтын иеленіп, көш бастап тұр. Одан бөлек, Испания, Грузия, Ұлыбритания, Қырғызстан, Германия елдері де бір алтыннан еншіледі.

Ал Қазақстан атынан сынға түскен спортшыларымыз 4 күміс, 4 қола жеңіп алды.