Жәнібек Әлімханұлы үш белбеу сарапқа салынатын жекпе-жекке қол қойды
Орта салмақтағы қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы WBA белбеуінің иегері Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл кездесу WBO, IBF және WBA титулдарын біріктіру үшін өтеді. Ресми хабарлама алдағы күндері жарияланады, қазіргі таңда 42 жастағы кубалық Лараның соңғы келісімін күтіп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жәнібектің өкілі Берік Сұлтан бұл туралы мәлімдеп, тарихи шайқасқа дайындық жүріп жатқанын айтты:
«Ассаламауғалейкүм, ардақты Qazaq style-дың жанкүйерлері. Тарихи жекпе-жек, орта салмақтың додасын қайнататын жекпе-жек, күллі қазақ жұрты асыға күткен жекпе-жектің шартына қол қойдық. Құдай қаласа, жақында ресми промоутерлік компаниялар өздері жариялайтын болады. Бұйырса, үлкен шоу күтіп тұр алдымызда. Біздің 4 титулды жинаймыз деген мақсатымыздың бел ортасынан асамыз. Нәсіп болса, тарих жасаймыз. Осы жолда келе жатырмыз, еңбек етіп жатырмыз. Еңбектің жемісін көретін уақыт алыс емес. Құдай қаласа, күтіңіздер», – деді Берік Сұлтан.
BoxingScene дерегінше, Әлімханұлы мен Лара арасындағы айқас 6 желтоқсанда Сан-Антонио (Техас штаты) қаласында өтеді деп жоспарлануда. Бұл бокс кешінде басты оқиға – бірінші жартылай орта салмақтағы Ламонт Роуч пен Исаак «Питбуль» Круз арасындағы жекпе-жек болмақ.
Аталған шоу Premier Boxing Champions (PBC) промоутерлік ұйымының ұйымдастыруымен өтеді. Бұл Лараның командасы. Ал Жәнібек үшін бұл жаңа тәжірибе болмақ: ол бұрынғы Top Rank промоушенінен алғаш рет өзге ұйымның рингіне шығады. Себебі Top Rank-тің ESPN арнасымен келісімі шілдеде аяқталып, компания әзірге жаңа телеәріптес тапқан жоқ.
Егер келіссөздер сәтті аяқталса, бұл жекпе-жек Жәнібектің мансабындағы ең маңызды және тарихи айқастардың бірі болмақ – Қазақстан боксшысы төрт белбеудің иесі атануға тағы бір қадам жақындайды.