Жәнібек Әлімханұлы доминикандық Карлос Адаместі жекпе-жекке шақырды
Бұл туралы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Х желісінде жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Карлос Адамес, мен менеджеріме тек сенімен жекпе-жекке шыққым келетінін айттым! Енді сенің кезегің. Командаңмен сөйлесіп, осы жекпе-жекті өткізейік - ешқандай сылтау, уақыт созу болмасын. Жанкүйерлерге өз қалағанын берейік!», - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуір күні елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында отандық және шетелдік бокс жұлдыздарының қатысуымен үлкен тарихи бокс кеші өтті. Кеште Жәнібек Әлімханұлы Франция өкілі Анауэль Нгамиссенгемен жекпе-жек өткізіп, IBF және WBO чемпиондық белбеулерін қорғап қалды.