Өзбекстандық БАҚ: Өзбек-қазақ боксында тағы бір текетірес аяқталды
Санаулы күндер бұрын ғана бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов экс-капитан Қамшыбек Қоңқабаевтың боксты аяқтағанын мәлімдеген еді. Осы орайда Өзбекстанның Sports.uz сайты жерлесіміз жайлы жазуды да ұмытпады. Elordainfo.kz сайтының тілшісі назарларыңызға жазылған ақпараттың қазақ тіліндегі ықшамдалған нұсқасын ұсынады.
«Футболдан «Эль-Класико» мен «Милан дербиі» өте танымал және көпшілік оны асыға күтеді. Себебі бұл текетірестер футболдың шеберлігін арттырып, жаңа деңгейге шығарады. Әуесқой бокста да «Эль-Класико», «Орталық Азия дербиі» сынды терминдер жиі қолданылады. Бұл әсіресе өзбек пен қазақ боксына тікелей қатысты.
КСРО тарағаннан кейін Өзбекстан мен Қазақстан спортшылары жазғы Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, Азия чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды. Бастапқыда Қазақстан Олимпиадада жақсы нәтижелер тіркесе, кейінгі 10 жылдықта Өзбекстан боксшылары әлемде мықтылығын мойындатып келеді. Бокстағы алпауыт саналған Куба, Ресей, Украина елдерін Өзбекстан мен Қазақстан қуып жетіп қана қоймай, басып озды.
Осы уақытқа дейін қос елдің біршама текетірестеріне куә болдық. Өткен жылдары Нариман Отаев – Нұржан Сманов, Рустам Саидов – Мұхтархан Ділдәбеков, Эльшод Расулов – Әділбек Ниязымбетовтің жекпе-жектер сериясын тамашаласақ, енді Баһадүр Жалолов пен Қамшыбек Қоңқабаевтың арасындағы айқасқа да нүкте қойылды. Қос боксшының бокстағы кезеңі ұзақ жылдарға жалғасып, 7:3 есебімен Баһадүрдің пайдасына шешілді. Алайда дәл осы Қамшыбек лайықты қарсылас болды. Сондықтан оның спорттық мансабын аяқтауын елеусіз қалдыра алмаймыз.
Егер қазақ боксшысының өткен жолына назар аударсақ, айтарлықтай жетістікке жеткеніне куә боламыз. Ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 мәрте әлем чемпионатының күміс медалін, 4 мәрте Азия чемпионатының күміс медалін еншіледі. Сондай-ақ жазғы Азия ойындары мен әлемдік әскери ойындарында екінші орынға тұрақтады.
Керемет нәтиже ме? Алтын болмады демесек, керемет нәтиже. Осынша жүлдені көптеген боксшылар армандайтыны анық. Қамшыбек көптеген финалдарында дәл осы Баһадүрге лайықты шеберлік көрсетіп, есе жіберді. Рингтен бөлек, қазақ боксшысының адамгершілік қасиеті де жоғары.
Қысқаша айтқанда, Баһадүр Жалолов әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысса, Қамшыбек Қоңқабаев ресми түрде бокспен қоштасты. Осылайша, өзбек-қазақ боксында тағы бір аңыздар кетті».