Спорт

Қысқы Азия ойындары: Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсете ала ма

Бүгін Қытайда қысқы Азия ойындарының алғашқы жарыстары басталады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

7-14 ақпан күндері Қытайдың Харбин қаласы IX қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Оған рекордтық 34 елден 1 275 спортшы қатысып, 11 спорт түрінен 64 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан жетінші қысқы Азиадаға 138 спортшысын қосып, 51 жүлде жиынтығына таласуға әзір. Сан жағынан жерлестеріміз Қытай (170 спортшы), Жапония (155 спортшы), Оңтүстік Кореядан (149 cпортшы) қалып тұр. Қазіргі сәтте Харбинге шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы аттанып кетті. Себебі, бұл спорттан бәсеке 3 ақпанда басталып кетеді.

Отандастарымыздың арасынан бұған дейін чемпион атанғандар да бар. Олар: биатлоншылар Ольга Полторанина мен Дарья Климина, шайбалы хоккейден Евгений Рымарев, Роман Старченко, Кирилл Савицкий, Дмитрий Гренц. Осы жолы да спортшыларымыз фавориттердің қатарында.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өз сөзінде биатлон, шаңғы, шайбалы хоккей мен шорт-тректен алтын медаль күтетіндігін айтқан болатын. Алайда 2017 жылмен салыстырғанда Қазақстан құрамасының алтын медалі (9 алтын) аз болуы әбден мүмкін. Себебі, 2017 жылғы Саппорода өткен қысқы Азия ойындарында биатлоншыларымыз 6 алтын медаль жеңіп алып еді. Осы жолы биатлоннан тек 4 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ фристайлдан рекордтық 11 алтын медаль жиынтығы үлестірілгенмен, фристайл-могул сайысы енбеді. Сондықтан екі қысқы Азия ойындарында топ жарған Юлия Галышева мәжбүрлі түрде сары құрлық бәсекесін тек көрермен ретінде тамашалай алады.

Фото: instagram.com/qaz_team_official

Шаңғы спортынан да жүлде жиынтығы 2017 жылға қарағанда, 10-нан 6-ға дейін қысқарған. Үнемі алтынсыз қайтпайтын шаңғышыларымызға Жапония басты бәсекелес болады.

Шорт-тректен Денис Никиша өткен жылы әлем чемпионатында тарихи күміс жүлде, әйелдеріміз эстафеталық сайыста әлем кубогының кезеңінде жүлде тұғырына көтерілгенімен, жарыс қожайындарымен сайысқа түсу оңайға соқпас. Иә, бұл жерде сәттілік те серік болуы тиіс.