УЕФА жаңалығының жаңғырығы
Спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы футболдан Еурокубоктар жарысына шолу жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
(Дәстүрлі Еурокубоктар жолындағы жарыстарды УЕФА өзгерткен жылы қарт құрлықтағы футбол бәсекелерінде күтпеген нәтижелер болып жатыр, болып жатыр...)
...Үш жарыстың да екі кездесуден тұратын жартылай финалы мен бір ғана ойында чемпион анықталатын ФИНАЛЫ ғана қалды. Жартылай финал… финал… деген сөздер таныс болғанменен ол бәсекелерге қатысатын командалар мүлдем біз күткендей емес.
Чемпиондар лигасында жартылай финалда соңғы ойында ағылшынның «Астон Вилла» командасына 2:3 есебімен ұтылса да келесі кезеңге доп айырмасымен ғана шыққан Францияның ПСЖ командасымен Чемпиондар лигасының басты үміткері Мадридтің «Реалын» екі кездесудің екеуінде де төмен қаратқан Лондонның «Арсеналы» ойнайды. Бұл екі команда да Чемпиондар лигасының жартылай финалынан күткен командалар емес. Лондонның «Арсеналы» биыл өзіне қамшыны басып келеді. Олар Ағылшын Премьер-лигасында да топ бастап тұр. Еурокубоктық ойындардың нәтижесіне қарасақ, әрине, «Арсеналдың» мойны озық. Бірақ екі ойыннан ғана тұратын жартылай финал ештемемен салыстыруға келмейтін жекпе-жек. Әйтсе де бұл кубокты бәрінен көп алған «Реал» секілді корольдік клубты үйде де, түзде де ұтып жібергеніне қарағанда, «Арсеналыңыз» биыл аузымен құс тістейін деп тұр-ау осы! Мен осы пікірге мойын бұрамын.
Чемпиондар лигасындағы екінші жұп та көз үйренген командалар емес. Рас, испанның «Барселонасы» қай жарысқа салсаң да шаң қабатын команда емес. Ал, олардың қарсыласы Миланның «Интері» өздерінің А сериясында ойнақтаған команда болғанмен, оларды Чемпиондар лигасының жартылай финалына алқынбай жететін ұжымның қатарына өз басым қоспас едім. Бұл жекпе-жекте де «Барселона» озып келеді-ау деп отырғаным сонан.

Басты айтпағым – мұның бәрі УЕФА-ның биылғы жаңалығының жаңғырығы. Чемпиондар лигасының, яғни, бар Еурокубоктардың алғашқы іріктеу ойындары жаңа жүйемен өтізілді де, көптеген күшті командалар бұл ережеге өздерін дайындай алмады. Жартылай финалшылар қатарында «Ливерпуль», «Манчестер сити», «Реал», «Бавария» секілді командалардың болмауы содан-ау деп ойлаймын өз басым.
Еуропа лигасындағы тартысты ойындар футбол жанкүйерлерін бір қуантты. Ойынды әркім-ақ көрді ғой, сондықтан, қорытынды жасайық. Ең әуелі норвегтік «Буде Глимттің» Италияның мықты командасының бірі «Лационы» шаң қаптырғаны атап өтерлік оқиға. «Буде Глимт» кейінгі жылдары Еурокубоктарда көзге түсіп жүрген болатын, дегенмен, екі ойыннан тұратын 1/4 финалда «Лационы» ұтады десең сол күндері ешкім сенбес еді. Ал, «Манчестер Юнайтедтің» «Лионмен» ойындағы ерлігі әлі ұзақ жыр болады. Жалпы, Ағылшын Премьер-лигасында көш соңына таман келе жатқан осы бір әлем футболының паспорты секілді командаға Еуропа кубогы бұйырса екен деп армандаймын мен бүгін. Ең болмаса, арыстанша бүгінгі жарасын жалап жазғандай болар еді.

Конференция лигасы жайлы бір-ақ ауыз сөз айтамын. Ол топтың жартылай финалында ағылшынның «Челси» командасының жүруі УЕФА-ның жаңалығының «жемісі». Шындап келгенде Чемпиондар лигасының бас жүлдесіне таласуға лайық команданың сәті түссе біздің «Астана» ойнайтын топта неғып жүргенін сайтаным білсін. «Челси» ол кубокты жеңіп алар-ау, бірақ соған қуана қояр ма екен? Әй, қайдам…
Осының бәрін қорыта келіп, УЕФА секілді ұлы жартастай футбол қауымдастығынан мен келесі жылы бұрынғы жүйесіне қайта оралуды сұрар едім!