Спорт

«Странджа» турнирі: Ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжановпен сұхбат

Cанаулы күннен кейін бокстан ұлттық құраманың көшбасшылары Болгария төрінде «Странджа» турнирінде (24 ақпан – 2 наурыз) бақ сынайды. «Кіші әлем чемпионаты» саналатын бәсекенің алдында ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Elordainfo.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді.

- Ұлттық құраманың көшбасшылары 2025 жылдың алғашқы ірі жарысына қатысады. Қандай мақсат қойып отырсыздар?

«Иә, ұлттық құраманың боксшылары үшін «Странджа» турнирі 2025 жылдағы алғашқы жарыс болмақ. Біздің мақсат – жеңіс тұғырынан көріну. Әрине үздік боксшы болған соң әрқайсысы мықтылығын үнемі дәлелдеуі тиіс. Ең кемі жүлделі үштікте болуы шарт».

- «Странджа» турниріне әлемнің қай елдері қатысады? Басты қарсыласымыз деп кімді санайсыздар?

«Дәл қазіргі сәтте жарысқа Болгария, Алжир, Қытай Тайпейі, Хорватия, Ұлыбритания, Уэльс, Франция, Өзбекстан, Грекия, Венгрия, Моңғолия, Косово, Словакия, Түркия мемлекеттері қатысады. Қай-қайсысы да осал емес.

- Болгария еліндегі оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтті ме?

«10 ақпаннан бері Бразилия, Ирландия, Италия, Болгария елдерімен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Боксшыларымыз шеберліктерін шыңдап, физикалық, функционалдық жағынан дайындықтарын пысықтап жатыр. Түске дейін әр ел жеке шұғылданса, түстен кейін жұпта жаттығамыз».

- Құрамаға көз жүгіртсек, Сабыржан Аққалықов 75 келіге, Нұрбек Оралбай 86 келіге көтеріледі екен. Жаңа салмаққа ауысу спортшыларға кері әсер етпей ме?

«Иә, Сабыржан Аққалықов 75 келіге ауысуға шешім қабылдады. Ал Нұрбек Оралбай бірнеше айдан кейін оқу-жаттығу жиынына қосылғандықтан, салмақ қумай-ақ қоюға рұқсат бердік. Тек осы турнирде ғана ол 86 келіде жұдырықтасады. Жалпы алдағы уақытта 80 келіде өнер көрсете бермек. Мұндай шешімді Өзбекстан тарапы да қабылдады. Париж Олимпиадасының чемпионы Хасанбай Дусматов 54 келіде, Абдумалик Халоков 60 келіде «Странджа» турнирінде айқасады».

- Қаңтар айынан бері Испания мен Сербия мемлекетінде 2 жарысқа қатысып үлгердіңіздер. Бұл жарыстардың нәтижесіне қаншалықты көңіліңіз толады? Жастарымыздың дебют жасауын қалай бағалайсыз?

«Жыл басынан бергі Испания мен Сербияға барған 2-3-4 құрамымызға көңілім толады. Барлығы ойымдағыдай өтіп жатыр. Жарыстан бөлек, олар Англия, Испания, Қытай, Венгрия, Уэльс, Румыния сынды елдермен тәжірибе алмасты. Нұрзат Оңғаров (48 келі), Бағлан Кенжебек (54 келі) және т.б. жастарымыз мықты қарсыластарын жеңіп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Сербияда да жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары, 2024 жылғы ел чемпионатының жүлдегерлері командалық есепте 1-орынға ие болды. Мұның барлығы көңіл қуантады».

- Сұхбатыңызға рақмет!