Спорт

Үстел теннисі: Астанада Париж Олимпиадасынан кейінгі ірі дода басталды

Бүгін үстел теннисінен елорда төрінде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан 27-ші Азия чемпионаты ресми түрде басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Үстел теннисінен Астанада басталған Азия чемпионатының алғашқы күнінде ерлер құрамасы командалық сайыста өнер көрсетіп, тартысты кездесуде Солтүстік Кореяны 3:2 есебімен жеңіп кетті. Әсіресе шешуші партияда Алан Құрманғалиев 8:10 есебімен жеңіліп жатса да, намысқа тырысып, соңғы сәтте 12:10 есебімен жеңісті жұлып алды. Енді кезекті қарсыласымыз Пәкістан құрамасы атанады.

«Азия чемпионаты Қазақстан елінде өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Түптің түбінде осылай болатынын білсем де, соның орайы қазіргі сәтке тура келді. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше серпін берді. Бүгінгі ойын өте қиынға соқты. Солтүстік Корея халықаралық жарыстарға көп қатыспаса да, ірі жарыстарда жүлде алып тұрады. Әсіресе Алан Құрманғалиевтің мойымай, жеңістің кілтін тапқаны ерекше эмоция сыйлады. Бұл жеңіс негізгі топтық кезеңге жасалған үлкен қадам. Енді Пәкістанмен жолығамыз. Қарсылас жақсы таныс. Жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға тырысамыз», - деді Париж Олимпиадасының қатысушысы, ұлттық құраманың көшбасшысы Кирилл Герасименко.

Бір аптаға жалғасатын бәсекеде 7 жүлде жиынтығы сарапқа (ерлер мен әйелдер арасында жекелей, командалық, жұптық және аралас жұптық) салынады. Құрлықтық жарыс болғанымен, чемпионаттың деңгейі әлем чемпионатынан еш кем түспейді.

Осы орайда бір дүниені ескере кетейік. Париж Олимпиадасында 5 жүлде жиынтығына 60 ел талас жүргізсе де, тек 6 мемлекет жүлде тұғырынан көрінді. Олардың арасында Азия құрлығынан Қытай, Жапония, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея болды.

XX ғасырдың ортасынан бері ұйымдастырылып келе жатқан айтулы бәсекеде тек 10 мемлекет жүлде алыпты.

Бас қаламызда бірінші рет өтетін бәсекеге құрлықтағы 26 елден таңдаулы 210 спортшы келді. Олар: Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Қазақстан, Қатар, Қытай, Қытайдың Тайпейі, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив аралдары, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Солтүстік Корея, Сингапур, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония.

Қатысушылар арасында командалық сында Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы қытайлық Ван Чуцинь; командалық сында Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Мива Харимото мен Миу Хирано (Жапония); Олимпиада жеңімпазы және күміс жүлдегері Сунь Инша (Қытай); миксте Олимпиада чемпионы Мима Ито (Жапония); командалық сында Олимпиаданың қола жүлдегері Томоказу Харимотоны (Жапония) ерекше атап өтуге болады.