Спорт

Әскери қызметшілер самбодан өткен Қазақстан чемпионатында жүлделі орындарға ие болды

Ақтауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам спортшының қатысуымен жағажай самбосынан Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыста ІІМ Ұлттық ұланының намысын абыроймен қорғаған әскери қызметшілер жеке есепте жоғары нәтижелер көрсетіп, төрт бірдей жүлделі орынды жеңіп алды.

71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальді 6654 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрсұлтан Нұрсейітов иеленді.

Ал 88 келіге дейінгі салмақта екінші орынды 5573 әскери бөлімінің сержанты Бекзат Алтынбаев алды.

100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бірден екі ұландық жоғары нәтиже көрсетті.

«5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Жандос Сейтенов күміс медаль алса, 5451 әскери бөлімінің жауынгері Болат Сапар өз салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль иеленді. Бұл жетістіктер —ұландықтардың жүйелі дайындығының, рухани қуаты мен жауынгерлік мінезінің айқын дәлелі», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, барлық жүлдегер биыл Сингапурда өтетін жағажай самбосынан Әлем кубогына жолдама алды.