Әскери қызметші унифайттан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды
Ресейдің Саратов қаласында унифайт спорт түрінен әлем чемпионаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған байрақты бәсекеде екі жүзден астам балуан боз кілемде белдесті.
Тартысқа толы додада ел намысын Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің жауынгері капитан Медет Сәметаев қорғады. Әскери қызметші румын, өзбек спортшыларынан басым түсіп, ақтық сайыста ресейлік қарсыласына есе жіберді.
Нәтижесінде 95 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионында екінші орын иеленіп, күміс жүлдегер атанды.
«Менімен күш сынасқан қарсыластарымның барлығы да ерекше дайындықпен келген. Осы орайда маған қолдау танытқан бапкерім әрі туған ағам Айбек Сәметаевқа алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласында қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұлан арасында өтетін жарыс бар. Сондықтан, арқаны кеңге салмай, қазірден бастап қызу дайындық үстіндемін,- дейді 5518 әскери бөлімінің қызметшісі капитан Медет Сәметаев.
Аягөз қаласының тумасы мектеп кезінен бокспен шұғылданған. Он бес жасынан спорт әлеміне қадам басқан әскери қызметші алдағы уақытта да халықаралық байрақты бәсекелерде ел намысын қорғауды мақсат етіп отыр.
Еске салайық, унифайт спорт түрі жекпе-жек спорттарының әртүрлі техникаларын қамтиды. Аталмыш спорт түрінде физикалық күшпен қатар, спортшының тактикалық ойлауы мен стратегиясы маңызды рөл атқарады.