Спорт

Showdown: Астана қаласында республикалық жарыс басталды

4-6 қазан күндері аралығында елордадағы Aspan спорт кешенінде Showdown үстел теннисінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы кезекті бәсеке ресми түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әр жылдың 2 қазаны елімізде ресми түрде мүмкіндігі шектеулі жандардың күні ретінде белгіленген. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 725 мың мүгедек адам тұрады. Ал оның ішінде 35 мыңдай азамат көз жанары ауруымен ауырады. Ал Астана қаласында 1000-нан астам адам ресми түрде тіркелген. Міне осы азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында 2022 жылдан бері Showdown үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылып келеді.

Дәстүрлі түрде Астанада өткізіліп келе жатқан республикалық додаға ШҚО, Ақтөбе, Павлодар, Жетісу, СҚО, Түркістан, Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Абай облыстары, Алматы, Шымкент қалаларынан 45 спортшы бас қосты.

«Showdawn ресми түрде биыл ғана мойындалды. Сәуірден бері атқарылып жатқан жұмыстарымыз көп. Бұған дейін тек ел ішінде ғана жарыстарды ұйымдастырсақ, енді шетелдік турнирлерге де қатысамыз. Бұл қызығушылықты арттырып, қатарымыздың одан әрі толығатынына сенемін. Республикалық бәсекеге Ресейден келген арнайы маман Максим Дьяконовты да шақырдық. Ол кісі үш күн бойы өзінің ақыл-кеңестерімен бөлісіп, спортымызды жаңа деңгейге шығаратынына сенеміз. Ресми жарыстан бөлек, 6 қазан күні қонақтарымыз Астанамыздың әсем жерлерімен де танысады. Барша қатысушыларға сәттілік!», - деді Showdown республикалық федерациясының президенті Жүзбай Серікұлы.

Биылғы жарыстың орны бөлек. Себебі, ерлер және әйелдер арасында жүлдеге іліккен спортшылар енді халықаралық жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік алады. Мысалы, былтырғы жарыстардың қорытындысы бойынша, ерлер мен әйелдер арасында 1-2-орын алған Айдар Саташев, Керім Бексырғаұлы,Гүлсара Қаттабекова, Влада Вартусеевич 13 қарашада Швейцарияның Цюрих қаласында өтетін халықаралық жарысқа аттанады.