Спорт

Елордада шағын футболдан «Байқоңыр» ауданы әкімінің кубогы сарапқа салынып жатыр

Конституция күніне орай «Заң және тәртіп» атты қағидамен елордадағы №199 жалпы орта мектебінің жасыл алаңында шағын футболдан жарыс басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елорданың «Байқоңыр» ауданы әкімінің кубогы сарапқа салынатын бәсекеде 7 команда бас қосты. Атап айтсақ, аудандық полиция басқармасы, әскери комиссариат, салық инспекциясы, «Байқоңыр» ауданының прокуратурасы, «Байқоңыр» ауданының әкімдігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Байқоңыр» ауданының төтенше жағдайлар басқармасы бір күн бойы өзара мықтыны анықтамақ.

«Миллиондаған жанкүйері бар футбол әлемде нөмір бірінші спорт болып қала бермек. Сондықтан да шағын футбол әрдайым көптеген командалардың қатысуына түрткі болады. Дәстүрлі жарысымызда 7 команда сынға түсіп жатыр. Бүгін қатысушылар арасынан топтық кезең және плей-офф жүйесі бойынша жеңімпаздар анықталып, оларды арнайы кубок пен сыйлықтармен марапаттайтын боламыз», - деді жарыс ұйымдастырушысы Батырхан Сәкенов.

Сағат 9:00-де басталған ойында  «Байқоңыр» ауданының прокуратурасы мен «Байқоңыр» ауданының төтенше жағдайлар басқармасы жолдары түйісіп, тартысты ойын 2:1 есебімен прокуратура командасының пайдасына шешілді.

«Байқоңыр» ауданы әкімінің кубогында топ жару үшін, 2 апта бұрын дайындықты бастап кеткенбіз. Басты қарсылас ретінде «Байқоңыр» ауданының әкімдігін көреміз. Әйтсе де, барлық қарсыластар осал деп айтуға келмейді. Мысалы, бірінші ойында жеңіс голын тек соңғы секундтарда ғана соға алдық. Әр матчтан ұмытылмас эмоция аламыз деген сенімдеміз», - деп «Байқоңыр» ауданы прокуратурасының қызметкері Нөсерхан Мұхтар эмоциясын бөлісті.


Айта кетейік, турнирде жеңімпаздардан бөлек, «үздік қақпашы», «үздік қорғаушы», «үздік шабуылшы», «үздік ойыншы» сынды номинация иегерлері де белгілі болады.