Шұғыла Өмірбек әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті
Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Шұғыла Өмірбек Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Отандасымыз 55 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.
Шұғыла финалда Түркия елінің өкілі Туба Демирмен алтын жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде қазақстандық балуан 12:8 есебімен басым түсті.
Бұл әйелдер күресінен Қазақстан қоржынына түскен алғашқы тарихи алтын жүлде.
Шұғыла Өмірбек жарыс барысында молдовалық әлем чемпионы Михаэл Симонды 10:2 есебімен ұтты. Бұған қоса жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Александра Войчилескуді 3:1 ұпайымен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда Еуропа чемпионы неміс қызы Амори Андрихті 2:0 есебімен жеңген еді.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында осы уақытқа дейін бірде-бір аруымыз финалға дейін жетпеген.