Спорт

Руслан Құрбанов: әлем чемпионатындағы көрсеткіштерімізді одан да жоғарлатсақ дейміз

Семсерлесуден Тбилисиде (Грузия) өткен әлем чемпионатында сапы бағдарламасы бойынша ерлер құрамасы алғаш рет қола жүлдеге ие болды. Осы орайда құраманың көшбасшысы Руслан Құрбанов Elordainfo.kz сайтына жаһандық додадағы әсерімен бөлісті.

–Қола жүлде үшін таласта фаворит саналған Францияны 45:31 есебімен сенімді түрде жеңіп кеттіңіздер. Оған дейінгі жартылай финалда 1 ғана ұпаймен Жапонияға есе жіберген сәттеріңіз сіздерді одан сайын алға жетеледі ме?

–Жартылай финалда Жапониядан 1 ғана ұпаймен жеңілу ауырға соқты. Алайда Францияға да жеңіліс оңай тимеді. Үшінші орын үшін таласта кім тез қалпына келеді, сол жеңіске жететін еді. Абырой болғанда біздің жолымыз болды.

Жартылай финалда Жапонияны соңғы сәтке дейін 5-8 ұпай басымдығымен жеңіп келе жаттыңыздар. Алайда жекелей сында Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы Коки Кано кездесудің тағдырын кілт өзгертіп, жалғыз өзі 26 ұпай алды. Оны тоқтатуға не жетіспеді деп ойлайсыз?

–Көптеген жайттар әсер етті. Қазіргі сәтте қателіктерімізді көріп, жұмыс істеп жатырмыз. Енді қателік жібермеуге тырысамыз.

2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының финалы (Қазақстан – Жапония 36:37) және биылғы әлем чемпионатында Жапониямен (Қазақстан – Жапония 41:42) болған бәсекеде жеңімпаз бір ғана шешуші ұпаймен анықталды. Ұпайдың тең болуы психологиялық жағынан қаншалықты әсер етеді?

–Деңгейлес құрамалар кездескен сәтте тең есептің болу мүмкіндігі жоғары. Мұндай сәтте психологиялық тұрақты, салқынқанды қимылдайтын спортшының жеңіске жету ықтималдылығы артады. Әрине, барынша қарсыластан қарағанда ұпай алшақтығы болған жақсы ғой. Сондай сәтте шешім қабылдау да оңайлау болады.

Былтырдан бері ұлттық құрама сапында 15 жыл бойы Жапонияны жаттықтырып келген Александр Горбачук қызмет етеді. Оның келуі алға жылжуға мүмкіндік берді ме? Оның қандай әдістерін атап өтер едіңіз?

–Украиналық маман 2024 жылдың 1 қазанынан бастап жұмысқа кірісті. Оның келуімен көптеген дүниелер өзгерді. Жаттығу барысы, техникалық жағынан мүлдем басқаша әрекет етеді. Жеңіліп жатқанда не істеу керек, қиын жағдайдан қалай шығып кету және т.б тактикалық тұрғыдан ақпараттар бере білді. Александр Горбачук семсерлесу бойынша өз көзқарасын үнемі бізге айтады және ол өз нәтижесін беріп жатыр. Айтқан ақылдарын сіңіріп, бейімделу үстіндеміз.

2023 жылғы әлем чемпионатымен салыстырар болсақ, өзге елдер де күшейді ме? Қандай мемлекеттерді атап өтер едіңіз?

–Сапы жаттығуында 47 мемлекет сынға түсті. Фавориттердің қатарына әдетте Жапония, Венгрия, Франция, Италия, Қытайды жатқызады. Десе де кей елдердің құрамында 1-2 мықты спортшылар бар. Мысалы, соның бірі - Чехия Париж Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Гонконг құрамасы біршама қиындықтар тудырады. Себебі, олар француз мамандарының көмегіне сүйеніп отыр. Сауда Арабиясы да шетелдік кеңесшілерді жалдады. Сондықтан қандай қарсылас болмасын, барлығымен санасуға тура келеді.

Қола жүлдеге қаншалықты разысыздар? Жеребеге көңілдеріңіз толды ма?

–Бірінші кезекте өзіміздің семсерлесу мәнерімізді көрсеткіміз келді. Егер барлығы ойдағыдай болса, нәтиже міндетті түрде келеді. Өйткені жаһандық додаға дейін көптеген оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, біршама күш жұмсалды. Бірақ әрине, кез келген мемлекет чемпион атану үшін барады. Әйтсе де Қазақстан құрамасы өз тарихында бірінші рет қола жүлде алды. Қуаныштымыз. 2023 жылы ширек финалға дейін жетіп едік. Енді жүлдегерлер қатарына кірдік. Алдағы уақытта одан да жоғары межені бағындырамыз деген сенімдеміз.

Ал жеребеге келетін болсақ. Өте қиын болды. Бірінші қарсыласымыз Ресей Токио Олимпиадасында күміс жүлде алған еді. Құрамы мүлдем басқа болса да, деңгейлері жоғары. Қытаймен болған теке-тіресте 38:37 есебімен ғана басым түстік. Азия ойындары, Азия чемпионатында үнемі кездесеміз. 2023 жылы да 1/8 финалда дәл осы қытайлардан өтіп едік. Ширек финалда әлем чемпионы саналған Италияны ұтып кеттік. Жартылай финалда жекелей сында қарсылас шақ келтірмей жүрген Коки Кано бастаған Жапониямен өте шиеленісті айқас болды. Үшінші орын үшін таластағы Франция да 2019, 2022 жылдары әлем чемпионы атанып, 2023 жылы күміс жүлдеге ие болған. Қарсыластардың деңгейіне қарап-ақ, тар жол, тайғақ кешкенімізді көрсеңіз болады. Мұның ішінде тек Париж Олимпиадасының чемпиондары Венгриямен ғана кездеспедік.

Семсерлесуден командалық сынды еске алған сәтте есімізге сіз, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай еске түседі. Бірақ осы жолы 2007 жылы дүниеге келген Кирилл Проходов та сіздермен бірге тарихи медальді алды. Жас буындар бойынша не айтасыз?

–Артымыздан еріп келе жатқан жастар біршама. Әрқайсысы жаттығуда өз мүмкіндігінен де артық жаттығады. Барлығы ұлттық құрамаға кіргісі, медаль алғысы келеді. Бірақ буын алмасу үрдісі әп сәтте бола салмайды. Дәл қазіргідей қарқында жалғастыра берсек, семсерлесуге де жастардың қызығушылықтары артатыны сөзсіз.

Ұзақ жылдар бойы тұрақтылықты қалай сақтайсыз? Семсерлесуден жалығып, қолыңызды сілтей салатын сәттер бола ма?

–Әлем чемпионатының жеке және командалық сынында қола жүлде еншілегенімен, бұл қатарға Олимпиада медалі жетіспей тұр. Осы мақсат орындалмайынша, мотивация да тоқтамайды. Бұйырса, осы мақсатта ары қарай еңбектенемін.