Руслан Есеналин Азия ойындарының жүлдегері астаналық Анель Цойды құттықтады
Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин Манамадағы (Бахрейн) III жасөспірімдер Азия ойындарында Астана құрамасының атынан қатысқан Анель Цойды құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Modern MMA бойынша жас спортшы үздік үштікке еніп, қола медаль еншіледі. 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Анель Цой барлық іріктеу кезеңдерінен өтіп, финалға шығу үшін күресте филиппиндік қарсыласы Чарли Ратклиффке есе жіберді.

Комитет төрағасы мұндай нәтижелер тек медальға қол жеткізу ғана емес, жас спортшылардың қалыптасуындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Жас спортшылар үшін жасөспірімдер Азия ойындарына қатысу – жекпе-жектегі бабын тексеру және болашақ ірі жарыстарға деген дайындық.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында – 5 алтын, 7 күміс және 13 қола медаль бар. Барлығы – 25 марапат. Қазақстан жасөспірімдер Азия ойындарының ең мықты бес командасының қатарына кіреді.