Спорт

Роналду командасындағы бапкерге көңілі толмай өз үміткерін ұсынды

«Әл-Насрдың» шабуылшысы Криштиану Роналду клуб басшылығынан Зинедин Зиданды команданың бас бапкері етіп тағайындауды сұрады, деп хабарлады Elordainfo.kz OK Diario басылымына сілтеме жасап.

Дереккөздің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта португалиялық футболшы «Әл-Наср» клубында бас бапкерге қатысты бірқатар мәселе бар деп есептейді.

Роналдудың пікірінше, бұл лауазымға Зиданды тағайындау ең жақсы таңдау болады. «Реал Мадрид» ұжымын жаттықтырған Зидан УЕФА Чемпиондар лигасын қатарынан үш рет жеңіп алған.

Қазіргі уақытта «Әл-Наср» клубын 62 жастағы португалиялық маман Луиш Каштру баптайды. Жаңа маусымның басында команда Сауд Арабиясының Суперкубок ойынында «Әл-Хилалдан» жеңіліп қалды (1:4), сондай-ақ Сауд Арабиясы чемпионатының 1-турында «Әл-Раедпен» тең ойнады (1:1).

Айта кетейік, Криштиану Роналду «Әл-Наср» клубында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол клуб сапында 68 матч өткізіп, 62 гол соққан, 17 нәтижелі пас берген.

Зинедин Зидан футболшы ретінде Франция ұлттық құрамасы сапында ойнаған. Франция ұлттық құрамасымен бірге 1998 жылы әлем чемпионы атанса, 2006 жылғы әлем біріншілігінде күміс еншіледі.

Бапкерлік мансабында «Реал Мадрид» командасын жаттықтырып, 2016, 2017, 2018 жылдары УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алған.