Параспорт: Арбадағы теннистен ел чемпионаты басталды
Астанада екінші мәрте арбадағы теннистен ел чемпионаты басталды деп, хабарлады Elorda.info.
Жарыстың ашылу салтанатына ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, «Дәулет» теннис орталығының жетекшісі Дина Темірғалиева қатысты.
Арбадағы теннистен екінші ел чемпионатын Астана қаласында өткізу үлкен мәртебе деп білемін. Сіздер секілді жандардың спортпен айналысуы бізге үлкен күш-жігер береді. Былтырғы Алматы қаласындағы алғашқы чемпионатқа 6 өңірден 20 спортшы қатысса, биыл Шымкент қаласының қосылуымен қатысушылардың саны рекордтық 35-ке көбейді. Бүгінгі жарыста барлықтарыңызға сәттілік тілей отырып, шын мықтының жеңіске жеткенін қалаймын. Спортшыларымыз тек қана ел ішінде ғана емес, Australia Open, Roland Garros, Wimbledon, US Open сынды «Үлкен дулыға» турнирлері деңгейінде ойнайтындай дәрежеге жетеді деп сенемін, - деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Е.Корбозов.
Жарыс төрт жас ерекшелігіне (16 жасқа дейінгі ерлер мен қыздар, 16 жастан асқан ерлер мен әйелдер) қарай өткізіліп, 30 шілдеде жеңімпаздар анықталатын болады.
Арбадағы теннис – елімізде енді дамып келе жатқан жас спорттың бірі саналады. Дегенмен, 1 жылдан астам уақыт болса да, 3 республикалық турнир өткіздік. Алғашқы ел чемпионатына 20 параспортшы қатысса, Қазақстан кубогында 32 параспортшы бақ сынады. Бүгін қатысушылардың саны 35-ке жетті. Өңірлерде паратеннисті дамыту үшін жергілікті 2 турнир өткізуге міндетті.
Бүгінгі бәсекеде жеңімпаздар диплом, мақтау қағазы, естелік сыйлықпен марапатталатын болады. Турнирдің ең тартысты бөлігі 16+ категориясында өтеді. Өткен жылы ел чемпионы атанған 42 жастағы Дастан Ниязов бірер ай бұрын Италияда өткен халықаралық турнирде 2-орын алған еді. 1 жыл тенниспен айналысқан Дастан енді биыл чемпиондық атақты қорғай алар ма екен? Оны уақыт көрсетеді.
Турнир қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, күзде Ханьчжоуда өтетін лицензиялық Пара Азия ойындарына қатысуды жоспарлап отырмыз, - деді Қазақстан теннис федерациясының инклюзивті даму департаментінің кураторы Сергей Силванов.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ