Спорт

Қостанайда қазақ күресінен республикалық турнир мәресіне жетті

Қостанай қаласында ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымыз – қазақ күресінен өткен бұл екікүндік жарыстың бағдарламасына сәйкес, әр өңірден келген командалардың сандық құрамы: 269 спортшы, 20 жаттықтырушы, 20 төреші, 20 ресми өкілді құрады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қорының демеушілігімен өткен республикалық турнирде жалпы 160 спортшы 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтады. Дәстүрлі республикалық турнирге Астана мен Шымкент қалаларының, Алматы, Абай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының спортшылары қатысты.

Турнирді Қостанай облысы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов алғысөзбен ашып, бұл жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті. Бұдан кейін Бекболат Құстүтінұлы 2018 жылы қазақ күресінен әлем чемпионы атанған Ерлан Омаровты «Құрметті спорт қызыметкері» төсбелгісімен марапаттады.

Тартысты өткен доданың нәтижесінде Диас Дәулет (55 келі, Астана қаласы), Бекзат Әмзебек (60 келі, Шымкент қаласы), Ержан Еренқайыпов (66 келі, Астана қаласы), Бейбарыс Тұрғанбекұлы (74 келі, Ақтөбе облысы), Нұрдәулет Бақтыбайұлы (82 келі, Шымкент қаласы), Олжас Исаханов (90 келі, Қарағанды облысы), Әсет Жүнісов (100 келі, Ақмола облысы), Нұрсұлтан Қаблан (+100 келі, Қостанай облысы) қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Ал түйе балуандар сайысында Астана қаласының өкілі Жандос Сейтенов ақтық белдесуде Қарағанды облысының өкілі Ерқанат Молдағұловты жеңіп, бірінші орынға көтерілді.

Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша барлық жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталып, ақшалай сертификаттар табысталды.