Спорт

Нұрбек Оралбай: 80 келіде жұдырықтасуды жалғастыра беремін

Бокстан Париж Олимпидасының күміс жүлдегері, 2023 жылғы Әлем чемпионы Нұрбек Оралбай Elordainfo.kz сайтына алдағы жоспарымен бөлісті.

-Шаршы рингке қашан ораласыз?

Париж Олимпиадасынан кейін емделіп жатырмын. Спорт болған соң, денсаулық та кетеді. Мұрным және өзге де кішігірім жарақаттарымды қаратып, 2025 жылға дейін тынығамын. Одан кейін Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сынды додаларда қайта топ жаруға тырысамын.

-Париж Олимпиадасында 80 келіде күміс жүлде алдыңыз. Алдағы уақытта қай салмақта өнер көрсетесіз?

Алдағы уақытта 80 келіде жұдырықтасуды жалғастыра беремін. Ел ішіндегі бәсекелестіктің өзі жоғары. Қазақстан чемпионы атанғанның өзі халықаралық бәсекелерде орын алғанмен тең.  Тартыс болған жерде спортшы да шыңдала түседі. Осы жылғы Азия чемпионатына қатыспаймын. Менің салмағымда Шымкентте өткен Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ерлер арасындағы халықаралық турнирде чемпион атанған Ерасыл Жақпеков барады.

-Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамада біршама өзгерістер болып, капитан ретінде Айбек Оралбай танылды. Бұл ақпаратты қалай қабылдадыңыз?

Айбек Оралбай жасөспірім және жастар санатында да капитан болған. Сондықтан оның ұлттық құраманың капитаны болғаны еш таңғалдырмады.

-Әуесқой бокстағы мансабыңызды қанша уақытқа дейін жалғастыруды жоспарлайсыз?

Биыл Париж Олимпиадасында чемпиондыққа бір ғана қадам жетпей, тоқтадым. Енді 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында осы мақсатымды орындауға тырысып, артынша кәсіпқой бокске кетуді жоспарлаймын.