Нұрғиса Әділетұлы: Ауыр атлетикада бұдан да жоғары жетістікке лайықтымыз
Ауыр атлетикадан санаулы күн бұрын ғана Манамада (Бахрейн) өткен әлем чемпионатында 96 келідегі Нұрғиса Әділетұлы топ жарып, қазақ жұртын қуанышқа бөлеп еді. Осы орайда 24 жастағы спортшы Elordainfo.kz сайтына өз ойымен бөлісті.
- Әлем чемпионы атануыңызбен! Жаһандық доданың алдында сізге қандай міндет жүктеліп еді? Бірінші орын алатыныңызды күттіңіз бе?
- Алдын ала осындай орын алу керек дегендей мақсат қоймаймын. Сәуегейлік танытуды дұрыс деп есептемеймін. Қалай еңбектенсең, соған қарай нәтижесін көресің. Талмай, жаттығуды артық жасағанның арқасында осындай көрсеткішке қол жеткіздім.
- Қай қарсыластардан қауіптендіңіз? Бәсекеге осы салмақтағы барлық мықтылар келді ме? Өзіңіздің көтерген салмағыңызға көңіліңіз тола ма? Дайындықта да осы салмақты еңсердіңіз бе?
- Әлем чемпионатына әлсіз спортшылар келмейді. Көпшілігі жеңіс тұғырынан көріну үшін дайындалғаны көрініп тұр. Өзіңіз байқасаңыз, 1-орын мен 3-орынның арасын бір ғана келі бөліп тұр. Өзіме келетін болсам, кейінгі 3 айда ғана толыққанды жаттығуға кірістім. Жалпы бұл уақыт жеткіліксіз. Әлем чемпионатында көтерген салмағымды бірінші мәрте бағындырдым. Мысалы, жаттығу барысында жұлқа көтеру жаттығуында 170 келіні ырқыма көндірсем, бәсекеде 174 келіні тіркедім. Сол секілді серпе көтеру сайысында да бұған дейін 210 келіні көтерсем, жаһандық додадағы нәтиже 214 келіні құрады.
- Біршама уақыт ресми жарыстарға қатыспадыңыз. Физикалық және салмағыңызды бір орында қалай сақтап тұра алдыңыз?
- 1,5 жылдай ресми жарыстарға қатыспадым. Осы аралықта тынықтым. Әрине, оңай болмады. Бірер ай бұрын ғана Талдықорған қаласында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына қатысып, физикалық күйімді пысықтап алдым. 2022 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде және т.б. бәсекелерде жүлде алғанның арқасында мол тәжірибем өз көмегін берді. Спорттағы мінез де оң нәтижеге септігін тигізді.
- 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін сіз Париж Олимпиадасында жүлде алатын басты фавориттердің қатарына кірдіңіз. Осы орайда Олимпиадаға қатыса алмаған сәтіңізді қалай қабылдадыңыз? Өз салмағыңыздағы бәсекені тамашалаған боларсыз?
- 2022 жылы 96 келіде күміс жүлде алдым. Бірақ менің салмағым Париж Олимпиадасының бағдарламасына кірмейтін еді. Сондықтан 102 келіге ауысып, 2023 жылы Азия чемпионатында топ жардым. Артынша допинг кесірінен спорттан бірнеше айға шеттетілдім. Ауыр тиді. Париж Олимпиадасын көруге жүрегім дауаламады. Алайда қайтадан сенім артып, құрамаға шақырғаны үшін алғысымды білідремін.
- Әлем чемпионатына ел ішінде іріктеу қалай жүргізілді? Оқу-жаттығу барысында кіммен сайысқа түстіңіз?
- Әлем чемпионатына ел ішінде іріктеу 25 қазан күні оқу-жаттығу барысында жүргізіліп, әр салмақта 2 спортшы өзара сынға түстік. 96 келіде менен бөлек, Кирилл Староверкин болды. Ол да әлем чемпионатында В тобында өнер көрсетіп, жалпы есепте 18-орынға (қос жаттығу сайысында 352 келіні көтерді) тұрақтады.
- Спорттағы басты мақсаттарыңыздың бірі – әлем чемпионы атандыңыз. Енді алдағы жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз?
- 2028 жылғы Олимпиадаға дейін 4 жыл бар. Осы аралықта әлем, Азия чемпионаты, жазғы Азия ойындарында қазіргі межемнен түспеуге барымды саламын. Париж Олимпиадасынан кейін ауыр атлетикада салмақтар ауысып жатыр. Енді 98 келіде Лос-Анджелес Олимпиадасының жүлдесі үлестіріледі. Бұл да бір жағынан алға ұмтылуыма қосымша жігер береді.
- Жетістікке жетуде қиындықта мойымауға кімнің қолдауы үлкен рөл ойнады?
- Ең бірінші кезекте мен үшін тақымын қысып отыратын ата-анам деп ойлаймын. Әр жарыстың алдында батасын алуға тырысамын. Үнемі ақыл-кеңесін аямайтын жаттықтырушылар мен қуанышты жаңалық күтетін жанкүйерлердің де рөлі үлкен. Бұл нәтижеге тоқмейілсіп қалуға болмайды. Ауыр атлетикада бұдан да жоғары жетістікке лайықтымыз. Жаттығуды жоғары қарқында жалғастыра береміз.
- Сұхбатыңызға көп рақмет!