Спорт

Мас-рестлинг: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнінде 2 қола жүлде бұйырды

Бүгін елордадағы «Алау» мұз айдынында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында мас-рестлингтен 4 салмақ бойынша жүлде сарапқа салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мас-рестлинг2016 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына енген якуттардың ұлттық ойыны.

Астана төрінде өтіп жатқан биылғы бәсекеде ерлер 5 салмақта (65, 70, 80, 90, 105) жеңімпазды анықтаса, әйелдер 3 (55, 65, 75) салмақта сынға түседі. 9-10 қыркүйек күндері жалғасатын сайыстың алғашқы күнінде 4 жүлде жиынтығы ойнатылып, елімізден Бірімжан Асылмұрат пен Тахмина Қожамбердиева қола жүлде жеңіп алды.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 1 жыл бойы тұрақты дайындалдық. Осы аралықта Қазақстан чемпионаты мен көшпенділер ойындарына іріктеу жарысын өткіздік. Одан бөлек, мемлекеттің қолдауының арқасында тағы да 2 оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып, 2 құрамның арасынан ең үздік 8 спортшыны таңдап алдық. Әлемде бұл спорт түрінің танымалдылығы артып келеді. Қазіргі сәтте 60-тан астам мемлекет осы спортты қолға алған. Оның бір дәлелі ретінде 2022 жылға дейін әлем чемпионаты 2 жылда бір мәрте өтсе, қазір жыл сайын жаңа жеңімпаздар анықталады. Ал елімізде 2012 жылдан бері қолға айналып, әлем чемпионатына тұрақты қатысып келе жатырмыз. Мақсатым – жас бапкерлер шоғырын қалыптастыру. Бүгінде бұл спорт 14 өңірімізде дамыған. Нақты бір облысты фаворит деп айта алмаймын. Себебі, Дүниежүзлік көшпенділер ойындарына қатысып жатқан спортшылар түрлі облыстан келген. Жалпы бүгінгі турнирде Ресей, Қырғызстан елдері фаворит», - деді мас-рестлингтен ұлттық құраманың бас бапкері Павел Фетисов.

 

Мас-рестлинг сайысы бойынша Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтижелеріміз:

2016 жыл – 1 күміс, 2 қола

2018 жыл – 1 күміс, 4 қола

2022 жыл – жүлде бұйырмады.

2024 жыл – әзірше 2 қола

Жалпы мас-рестлингте 33 мемлекеттен 105 спортшы  қатысып жатыр. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Үндістан, Иран елдерінің ғана барлық салмақта өкілдері бар. Ресей мен Қырғызстан спортшыларының жүлде алуы ешкімге таңғаларлық жайт болмағанымен, Мексикадан келген Владимир Бурнашевтың күміс жүлдегер атанғаны көпшілікті бей-жай қалдырмады.

«Якутиядан Мексикаға көшіп барғаныма 3 жыл болды. Мас-рестлинг менің бала кезден бойымда бар. Ал тұрақты түрде 2023 жылдан бері айналысып келемін. Аптасына 2 мәрте жаттығамын. Отбасым мен жұмысым бар. Сондықтан кәсіби түрде щұғылдана алмаймын. Бұған дейін Бразилиядағы халықаралық жарыстар топ жарып едім. Бірақ бәсекелестік айтарлықтай болмады. Енді алғаш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді дегенге досым Луис Густавомен бірге қатысып отырмын. Шынымды айтсам, жүлде аламын деген ой мүлдем болмапты. Күміс жүлденің өзі үлкен мәртебе. Қазақстанға бұған дейін 2014 жылы саяхаттап келіп едім. Міне, енді екінші рет жолым түскенде де жақсы әсер алдым» - деп Владимир Бурнашев эмоциясымен бөлісті.

Әйелдер. 55 келі. 12 қатысушы

1-орын. Елза Әбдіқадырова (Қырғызстан)

2-орын. Лейла Шагисултанова (Ресей)

3-орын. Тахмина Қожамбердиева (Қазақстан)

3-орын. Кортни Холихан (Канада)

Ерлер. 65 келі. 19 қатысушы

1-орын. Ұланбек Тұрғанбаев (Қырғызстан)

2-орын. Владимир Бурнашев (Мексика)

3-орын. Бірімжан Асылмұрат (Қазақстан)

3-орын. Пуревсурен Церенсогзол (Моңғолия)

Ерлер. 70 келі. 10 қатысушы

1-орын. Айсиен Мигалкин (Ресей)

2-орын. Бекмырза Токтошев (Қырғызстан)

3-орын. Дмитрий Хижинский (Өзбекстан)

3-орын. Шафат Уллах (Пәкістан)

Ерлер. 80 келі. 19 қатысушы

1-орын. Айсиен Атастуров (Ресей)

2-орын. Елдос Айтбаев (Қырғызстан)

3-орын. Оливер Курек (Словакия)

3-орын. Мұхаммад Ашим (Пәкістан)

Жарыс жүлдегерлеріне 1-орынға – 500 мың, 2-орынға – 300 мың, 3-орынға- 200 мың теңге қаржылай сыйақы мен медальдар табысталды.