Мұстафа Өзтүріктің туған күніне орай елордада велошеру өтеді
Белгілі велошабандоз Ернат Рахметолла 23 қараша, сенбі күні Астанада аты аңызға айналған таэкфондошы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толуына арналған 70 шақырымдық велошеру өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан таэквондо федерациясының негізін қалаушы, таэквондодан қара белбеу 6-дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туған күніне орай ұйымдастырылатын шеру «Бәйтерек» ескерткішінің алдынан басталып, сол жерде аяқталады.
Велошеру бағдары: «Бәйтерек» (сөре) > Түркістан көшесі > Достық көшесі > Қабанбай батыр даңғылы > Анадолы (бұрынғы 28/1) көшесі > Қабанбай батыр даңғылы > Қарқаралы тасжолы > Қабанбай батыр кесенесі > «Бәйтерек» (мәре).
Аты аңызға айналған дара тұлға Мұстафа Өзтүрікті еске алу, рухына тағзым ету, өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеуге үлес қосу мақсатында ұйымдастырылатын велошеру сонымен бірге қазақ пен түрікке ортақ ұл арқылы Қазақстан мен Түркияның бауырластығын, достығын насихаттайды.
Жастарды отансүйгіштікке, ел үшін ерен еңбек етуге, қайсар болуға үндеп жүрген велоспорттан Қазақстанның 3 дүркін рекордшысы, журналист Ернат Рахметолла осы жобасын Астананың қиын ауа райында жалғыз өзі атқарып шығуға бел буып отыр.
Айта кетейік, Ернат Мелсұлы 2022 жылы 55 күнде 5 555 шақырым жүріп, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл мерейтойына арнап Торғай, Ақкөл, Сарытүбектен бастап, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары және Грузия, Түркия аумағы арқылы Стамбұлдың Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүрік жерленген зират басында шеруін аяқтаған болатын.