Спорт

Мәслихатқа 30 жыл: Астанада волейболдан қалалық турнир өтті

ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Астана қаласы әкімдігінің басқармалары мен басқармаға қарасты мекемелер қызметкерлері арасында волейболдан екі күндік турнир өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Турнирге қатысқан 16 мекеме арасында «Elorda Aqparat» ЖШС ұжымының командасы да болды.

160 адам қатысқан турнирдің ашылу салтанатында Астана қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мәслихаттағы жетекшісі Ғабит Тәжімұратов пен Астана қаласы мәслихатының VIII сайланым депутаты, мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты негізде жұмыс істейтін тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұйымдастыру жұмысына «Астана жастары» ұйымының еріктілері атсалысты.

«Sana Sport» орталығының екі алаңында өткен турнирде командалар 2 күн бойы өзара бақ сынасты. Турнир топтық форматта өтті. 16 қатысушы командалар әуелі 4 топқа бөлініп, өзара 1 кездесуден өткізді. Әр топта үздік нәтиже көрсеткен 2 команда турнирдің ширек финалына жолдама алды. Әр топтың жеңімпазы келесі топтың 2-орын алған командасымен кездесті. Турнирге ұлттық деңгейдегі төрешілер төрелік етті.

Нәтижесінде 1-орын алған Астана қаласы әкімдігінің №5 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі 1 миллион теңгені жеңіп алды. Ал 2-орынды иеленген қалалық Энергетика басқармасына 700 мың теңге бұйырды. 3-орын алған Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы 500 мың теңгені олжалады. «Олимпиадалық резерв дайындау орталығы» және «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» мекемелерінен құралған «Ғарыш» командасы 4-орынға тұрақтады.

5-8-орындар бойынша Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс шараларды өткізу дирекциясы, «Астана су арнасы» мекемесі, Көлік және жол-көлік басқармасы, Спортты дамыту дирекциясының аты аталды. Ал 9-16-орындар Активтер басқармасы, «Elorda Aqparat» ЖШС, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы, «Елорда» спорт клубы, Астана қаласының Құрылыс басқармасы, қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, №8 қалалық емхана және №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі арасында бөлінді.

Одан бөлек, жекелеген қатысушылар бірқатар номинациямен марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік қорғаушы» атағын Арайлым Бекенова, «Үздік тосқауыл» атағын Рахат Әмірхан, «Үздік байланыстырушы» атағын Антонина Матайс, «Үздік шабуылшы» атағын Ержан Рүстемханов, «Үздік ойыншы» атағын Таңат Дауытов және «Ардагер ойыншы» атағын «Еlorda Aqparat» ЖШС-іне қарасты «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков иеленді.

Барлық қатысушыларға, еріктілерге, төрешілерге және турнирді ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға «ҚР мәслихаттарына 30 жыл» естелік медалі табысталды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және де жарысты жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан төрешілер мен еріктілерді депутаттар Кендебай Адамбек пен Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов марапаттады.

Райхан РАХМЕТОВА